10 қар, 2021 сағат 11:27

Әсет Ерғалиев экономиканы қолдау үшін не істеу керегін айтты


ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев ел экономикасын қолдау үшін орталық және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар ұсыным берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауыл шаруашылығы кешенінде өнімнің жоспарланған сату көлемдерін және құрылыс саласындағы кезеңнің уақытында бітіруін қамтамасыз ету керек. Инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешенінің тиімді жүзеге асырылуын қадағалау қажет», - деді Ә. Ерғалиев Үкіметтің бүгінгі отырысында. 

Министрдің айтуынша, халықты вакциналау және ревакциналау, кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік шараларын уақытында ұсыну да маңызды. 

«Мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде құрылып жатқан жұмыс орындарын динамикалық мониторингтеп, тұрақты жұмыс орындарының үлесін арттыру керек. Нақты сектордағы өндірудің жоғары көлемдерін сақтау және өнімнің экспортқа шығарылуын белсенді түрде ынталандыру қажет. Жоғарыда аталған шараларды тиімді іске асыру еліміздің экономикасының өсуін жеделдетуге мүмкіндік береді», - деді Ә. Ерғалиев.