Орталық және жергілікті атқарушы органдар сыртқы және ішкі инвестиция тарту бойынша үйлестірілген жұмыс жүргізуі қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қойылған міндеттерді іске асыру үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар 2021 жылы экономиканы дамытудың мынадай факторларға назар аудару ұсынылады. Бірінші, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету аясында мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру және салықтық-кедендік әкімшілендіруді жақсарту бойынша шаралар қабылдау қажет. Екінші, жаңа инвестициялық циклды қалыптастыру экономиканың қалпына келтіру мен одан әрі сапалы дамуының базалық шарты болып саналады. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ ұлттық компаниялар сыртқы және ішкі инвестицияларды тарту бойынша үйлестірілген жұмыс жүргізуі қажет», - деді Әсет Ерғалиев.
Оның атап өтуінше, үшіншіден, шағын және орта бизнес жұмыс орындарын құру және халықтың табысын арттырудың негізгі көзі болып саналады.
Осыған байланысты қолжетімді кредитпен қамтамасыз ету жалғасады.
Жүйе мәселелерін шешу аясында қайта реттеу, жекешелендіру және бәсекелестікті дамыту бойынша шаралар қабылданатын болады.
«Төртінші, кейінгі үрдістер экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін базалық импортқа тәуелділікті төмендету және ішкі сұраныстың әлеуетін пайдалану қажеттілігін көрсетті. Бесінші, жүргізіліп жатқан контрциклді макроэкономикалық саясат аясында сапалы инфрақұрылымды белсенді дамыту қажет. Бұл қосымша жұмыс орындарын құруға және іскерлік белсенділікті ынталандыруға, сондай-ақ экономикалық өсу потециалының ұлғаюына мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, іскерлік белсенділікті қолдау бойынша шұғыл шараларды уақытылы іске асыру, сондай-ақ құрылымдық және институционалдық реформаларды жүргізу экономиканың болашақтағы тұрақты және сапалы дамуына қажетті негіз болады», - деді Әсет Ерғалиев.