17 жастағы қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Рапид және блицтен Польшада өткен әлем чемпионаты (FIDE World Rapid and Blitz 2021) аясындағы блиц-турнирдің жеңімпазы атанды.
Жарыс басынан-ақ Бибісара қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, турнир аяқталуға бір тур қалғанда жеңіске жетті.
Бұл - отандық спорт үшін тарихи оқиға, өйткені біздің шахматшымыз әлемдік шахмат турнилері тарихында "ең жас әлем чемпионы" атанды.
Бұған дейін қазақстандық спортшы классикалық шахматтан 8, 10, 12 және 14 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы, 7, 9 жасқа дейінгі мектеп оқушылары арасында әлем чемпионы атанған.
Сондай-ақ, күні кеше ғана 17 жасар Бибісара тамаша өнер көрсетіп, осы әлем чемпионаты аясында рапидтен (жылдам шахматтан) 2-орынды жеңіп алған болатын.
Блиц турнирінің қорытындысы бойынша, екінші орынды екі күн бұрын рапидтен Әлем чемпионы атанған ресейлік Александра Костенюк алса, Ресейдің тағы бір өкілі Валентина Гунина үшінші орынды иеленді.
Атап өтейік, Рапид және блицтен әлем чемпионаты - спорт жанкүйерлерінің көпшілігі үшін шахмат күнтізбесіндегі ең сүйікті және асыға күтетін оқиғалардың бірі.
Ауқымды шараға 50 елден 200-ге жуық спортшы – әлем чемпиондары мен вице-чемпиондары, қазіргі ел чемпиондары және әлемнің рейтингі жоғары шахматшылары қатысты.
Рапид және блиц бойынша әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры 1 000 000 АҚШ долларын құрады.
Отандасымызды жарқын жеңісімен құттықтаймыз!