Фото: видеодан алынған скрин
Бүгін Бас прокуратура мен Интерпол қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Украинадан аса ірі көлемде алаяқтық жасаған күдіктіні экстрадициялады, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Kazinform-ға сілтеме жасап.
Ол 2017-2019 жылдар аралығында Алматыда салынып жатқан үйден пәтер беремін деген сылтаумен азаматтардың жалпы сомасы 140 млн теңгеден астам мүлкін алдап алған.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті қашып кеткендіктен оған халықаралық іздеу жарияланды.
Өткен жылдың қараша айында күдікті Украина аумағында ұсталған.
Қазақстан Бас прокуратурасының өтініші бойынша украин тарапы күдіктіні елімізге экстрадициялау жөнінде шешім қабылдады.
Айта кетері, былтыр Украинаның қылмыскерлерді экстрадициялау мәселелері бойынша Қазақстан-Украина өзара іс-қимылын реттеген Минск конвенциясынан шыққанына қарамастан аталған адамды ұстап беру Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы 2018 жылы Қазақстан Бас прокуратурасы жасаған экстрадициялау туралы шарттың арқасында мүмкін болды.
Сонымен қатар, Астана мен Киев арасында тікелей әуе қатынасы болмағандықтан, іздеуде жүрген адамды Украинадан Молдова мен Түркия арқылы өткізуге тура келді, ол үшін Бас прокуратураға осы елдерден адамдарды өз аумақтары бойынша транзиттік тасымалдауға келісімін алу қажет болды.
Қазір ол Астана қаласындағы тергеу изоляторына қамалды.
Айып тағылып отырған қылмыс жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.