Бүгін түсте Арыс қаласынан 50 бала Батыс Қазақстан облысындағы демалыс орнына аттанып кетті. Сонымен бірге, кешке қарай 150 оқушы табиғаты таңғажайып Шығыс Қазақстан облысына жіберілді, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Оқушыларды ата-аналары мен ұстаздары Арыстағы темір жол вокзалынан шығарып салды.
Бұған дейін арыстық оқушылар Павлодар (129), Ақмола (145), Жамбыл (200), Алматы облыстары (150) мен Нұр-Сұлтан (200) қаласына демалысқа жолданған болатын.
Жалпы осы жазғы демалыста Арыстың 4 мыңнан астам оқушысын өзге өңірлерге демалысқа жіберу көзделген. Қазіргі таңда 1 мыңнан астам оқушы демалысқа жіберілді. Сонымен қатар Түркістан облысының аудандары 462 баланы жазғы сауықтырумен қамтуда. Оқушыларды арнайы бекітілген ұстаздар алып жүреді және жас өрендердің алаңсыз тынығуына қолайлы жағдай жасалған.