28 қаз, 2019 сағат 13:23

Арыстықтар қала күнін атап өтті

Арыс қаласының орталығы әл-Фараби алаңында қала күні тойланды. Мерекелік іс-шараға жергілікті билік өкілдері, тұрғындар және арнайы келген қонақтар қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұл күні жарылыстан кейін қаланы қайта қалпына келтіруге үлес қосқан азаматтарға, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен дала еңбеккерлеріне «Еңбек даңқы» төсбелгілері табысталды. Сондай-ақ бірқатар тұлға алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Арыс аспанын әнге бөлеген мереке одан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, өнер иелері жиналған қауымға ән мен биден шашу шашты.

Сондай-ақ Арыс қаласында дәстүрге айналған «Алтын күз – 2019» жәрмеңкесі өтті.

«І-Арыс» теміржол вокзалы алдындағы алаңшада шаруалардың өндірген өнімдері арзан бағада халыққа ұсынылып, көрме ұйымдастырылды.

«Алтын күз – 2019» жәрмеңкесіне Ақдала, Байырқұм, Жиделі, Дермене, Монтайтас, Қожатоғай ауылдық округтерінен келген шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер өз тауарларын нарықтағыдан 20-30 пайызға төмен бағада ұсынды.