Фото: Tengrinews.kz
Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Бұл туралы музейдің ресми өкілі Айдар Қырықбай мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Ол шамамен, бір жарым күн жансақтау бөлімінде жатқанын білесіздер. Қазір ол палатаға ауыстырылды. Жағдайы орташа. Палатасына әлі ешкімді кіргізбейді, тек жұбайын. Жалпы, дәрігерлер оны қарап жатыр. Қазір өміріне қауіп төніп тұрған жоқ", - деді Қырықбай.
Ол Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты қылмыстық іс қозғалмағанын айтты.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ұлттық музейдің басшылық құрамына қатысты қылмыстық іс қозғады. Оған директордың орынбасарлары, бұрынғы директорлар және т.б. кіреді. "Алтын адамның" әлем музейлеріне шеруі" 2017 жылы басталды. Осы уақыт ішінде бірнеше директор мен орынбасар ауысты. Тексеріс болғанын жасырмаймыз. Тексеріске Тұңғышбай Жаманқұловтың шағымы (қазақстандық актер. - еск.) негіз болған. Ол Мемлекет басшысының атына хат жазды. Осыдан кейін бізде Есеп комитетінің тексерісі болды. Олар ұсақ заңбұзушылықтар тапты, олардың ескертулерін Ұлттық музей орындады. Кейін Бас прокуратураға қаржылық аудит шағымы бойынша тексеріс жүргізілді. Онда да ұсақ ескертулер айтылып, олар түзелді. Жаманқұлов үшінші рет хат жазды. Онда Мұхамедиұлының өзін айыптаған", - деп түсіндірді Айдар Қырықбай.