14 қыр, 2023 сағат 19:04

Арыстанбек Мұхамедиұлына шыққан үкім өзгеріссіз қалды

Сурет: primeminister.kz

Арыстанбек Мұхамедиұлына шығарылған сот үкімі өз күшінде қалды. Ұлттық музейдің бұрынғы директоры жазасын үкімге сай өтейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Арыстанбек Мұхамедиұлының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Қаулы заңды күшіне енді. Мұхамедиұлының кінәсі толық дәлелденді, оны қорғаушылардың дәлелдері расталмады. Сотталушыны ақтауға негіз жоқ. Аталған іс бойынша аудиторлық зерттеу жүргізілді», - деді судья Мұрат Солтыбаев.

Оның айтуынша, А. Мұхамедиұлы, А. Нұразхан, А. Көшенов және А.Сәдуақасованың кінәсі толық дәлелденген.

«Сотталғандар мен олардың қорғаушыларының апелляциялық шағымда келтірген дәлелдері сот барысында расталмады. Сот барлық дәлелдемелерге тиісті баға берді. Сотталғандарды ақтауға және істі қайта қарауға негіз жоқ», - дейді ол.

Еске салайық, Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылы 28 мамырда қамауға алынған еді. Оған «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу кезінде мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылды.

Биыл 20 маусымда сот үкімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар елорда соты оның сыбайластарына да үкім шығарды. Ұлттық музейдің бұрынғы басшысының 3 сыбайласы да 7 жылға сотталды.

Айта кетейік, сот барысында Арыстанбек Мұхамедиұлы өз кінәсін мойындамады.

Сондай-ақ 26 шілдеде Арыстанбек Мұхамедиұлының қорғаушысы істі қайта қарау жөнінде апелляциялық шағым түсірді.

12 қыркүйекте елорда соты Арыстанбек Мұхамедиұлының қорғаушысынан түскен апелляциялық шағымды қарауды бастады.

Бүгін таңертең өткен сотта Мұхамедиұлының адвокаты жазаны жеңілдетуді сұраған еді.