Шымкенттегі бірінші қалалық ауруханаға Арыстағы жарылыстан зардап шеккендер жеткізіле бастады.
Арыс қаласындағы жарылыстан 11 адам зардап шегіп, Шымкенттегі ауруханаға түсті. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
«Қалалық клиникалық ауруханаға 11 адам түскен. Оның 6-уы түрлі дене жарақатын алған, қалғандарын дәрігерлер тексеріп жатыр. Олардың арасында аналар мен балалар бар. Басқа мәліметтер қосымша хабарланатын болады», - дейді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің жетекшісі Лаура Мамырова.
Ал, аурухананың бас дәрігері Абылай Донбай қазір үш адамның ауыр хәлде жатқанын хабарлады.
"Зардап шеккендер жеткізіле бастады, оларды қабылдап, қажетті көмектің бәрін көрсетіп жатырмыз", - деді Донбай.
Сондай-ақ, «Арыс қаласындағы апат аумағынан 34 адам жедел жәрдеммен тасымалданған. Олар ауруханаға жатқан жоқ. Қауіпсіз аумақтарға жеткізілді», - делінген Қоғамдық денсаулық сақтау депертаменті таратқан хабарламада.
Айта кетсек, Арыстағы төтенше жағдайларға байланысты Ордабасы ауданында дәрігерлік штаб құрылған. Оны Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының бастығы Мұқан Егізбаев басқарады.
Жедел жұмыстар жүргізілуде. Пациенттерге арналған 200-ден астам төсек орталық аймақтық аурухана мен облыстық клиникалық ауруханада дайындалды. Арысқа 30 жедел жәрдем жіберілді. Қажет болған жағдайда бірнеше аудандардан қосымша жедел жәрдем көліктері дайындалады.