Түркістан облысындағы штаб мүшелері Арыс қаласының маңында брифинг өткізіп, қаладағы қазіргі жағдай тұрақталып, қаланы тазарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты, – деп хабарлайды Ұлт ақпарат.
Брифинге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев пен облыс әкімінің кеңесшісі Ұласбек Сәдібеков, Шымкент қаласының әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай қатысып, барлық жағдайды баяндады.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев күні кеше Түркістан облысында «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорында арнайы есеп-шот ашылғанын хабарлап: «Үш күннен бері аталған қорға республикамыздың түкпір-түкпірінен қазақстандықтар қаржыларын аударып жатыр. 26 маусымдағы мәлімет бойынша қорға түскен қаржы көлемі 225 млн теңгеге жетті» деді.
Штаб мүшелерінің сөзіне қарағанда, Арыс қаласында болған төтенше жағдайға байланысты зардап шеккен азаматтармен толыққанды жұмыс жүргізілуде. Эвакуациялық пункттерде 24 мыңнан астам адам тіркелген болса, олардың 20 мыңға жуығы Шымкент қаласына орналастырылған. 4 мыңнан астам адам Түркістан облысының аудандарында тиісті көмек алуда. Бұдан бөлек, Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты Түркістан облысы мен Шымкент қаласында 70-ке жуық қоныстану орталықтары жұмыс істеуде. Халық орналасқан орта мектеп, колледж, балабақша, мектеп-интернаттарда эвакуацияланған азаматтарға барлық қажетті жағдайлар жасалған.