25 мау, 2019 сағат 12:28

Арыстағы жарылыс: Оралда 3 көмек көрсету орталығы ашылды

Жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласы тұрғындарына батысқазақстандықтар да қолұшын созды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Орал қаласында үш жерде көмек көрсету орталықтары ашылды.

Қазіргі уақытта осы орындарда (Н.Назарбаев даңғылы, 188, 1-қабат, 101-кабинет, Қадыр Мырза Әли, 18, 3-қабат, «Бастау» коворкинг орталығы және Ж.Молдағалиев көшесі, 19, 1-қабат, 109-кабинет) Арыс тұрғындарына аса қажетті заттар жинақталуда.

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өңірде қазірдің өзінде 15-20 ірі кәсіпорын Арысқа демеушілік көрсетіп жатқандығын жеткізді. Сонымен қатар облыс әкімдігі, «Nur Otan» партиясы БҚО филиалы және басқа мемлекеттік мекемелер қызметкерлері өз еріктерімен бір күндік жалақыларын аудармақшы.


Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Мейрам Қабдығалиевтің айтуынша, бүгін алғашқы жүк көлігі аттанбақшы. Онда 4 тонна астық, 5 тонна макарон және басқа азық-түлік өнімдері тиелген. Арысқа сондай-ақ құрылыс материалдары да жеткізілмекші. Бұған «Кублей», «Жайық ет», «Орал трансформатор зауыты», «Теректі май» сынды кәсіпорындар өз үлестерін қосуда.