24 жел, 2019 сағат 15:01

Арыста "қыз алып қашпақ" болғандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды

Түркістан облысында қыз алып қашу дерегі бойынша полицейлер сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, әлеуметтік желілерде бір топ жас жігіттердің қызды көлікке мәжбүрлеп отырғызып, күшпен алып қашу оқиғасы бейнеленген видео тараған болатын.

«Видеоны тексерген полицейлер оқиға Түркістан облысының Арыс қаласында орын алғанын анықтады. Қыздың анасы полицейлерге арызданған. Қазіргі таңда қыз өзінің үйіне, ата-анасына оралған. Күдіктінің айтуынша, олар бұрын бір сыныпта оқыған және қызды үйлену мақсатында алып қашқан» делінген хабарламада.

Аталған дерек негізінде ҚР ҚК 125-бабы «Адам ұрлау» бойынша іс қозғалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтауда.