23 қыр, 2019 сағат 12:45

Арыстағы әскери бөлім мен қоймаларда негізгі жұмыстар басталды – Нұрлан Ермекбаев

Арыстағы оқиға салдарын жою бойынша ең күрделі әрі қауіпті жұмыстар басталды. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта Арыстағы оқиға салдарын жою бойынша жұмыстарды жүргізудің ең қиын, жауапты әрі тәуекелді кезеңі басталғанын түсіну керек. Әскери қызметшілер әскери бөлім айналасын толықтай тазартты. Яғни қалаға, оның тұрғындары мен сол маңайдағы елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ», - деді Н. Ермекбаев тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Сонымен қатар ол ТЖ салдарын жою бойынша жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

«Барлық жерді тазарттық және тиісті шараларды жалғастырудамыз. Қазіргі кезде әскери бөлім мен қоймалар ішінде негізгі жұмыстар басталды. Бұл жерлерде фрагменттер, оқ-дәрі сынықтарымен өзге де жарылмаған заттар шоғырланған. Осы орайда саперлердің жұмысы қауіпті болып тұр», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 21 қыркүйек күні арнайы жасақталған полигон (Арыс қаласынан 60 шақырым жерде) аумағындағы жоспарлы жарылыс жасау жұмыстары барысында оқ-дәрі фрагменті өздігінен жарылды. Соның салдарынан арнайы дайындықтан өткен 10 сапер - келісімшарт әскери қызметшісі жарқыншақ тиіп жарақат алды.