8 тамыздағы жағдай бойынша Арыс қаласындағы 6,8 мың тұрғын үйде негізгі қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. 2,1 мың тұрғын үйде шағын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
7 мыңнан астам маман қаланың қираған тұрғын үй қорын құруда. Секторлардағы барлық құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде және тұрақты бақылауда тұр.
«Біз қала тұрғындарын жұмыс жүргізу мәселесі бойынша алаңдамауды сұраймыз. Бірде-бір лауазымды адам жұмысты аяқтамай, қаладан кетпейді. Әрбір үй қатаң бақылауға алынып, Арыс қаласында бірде-бір отбасы назардан тыс қалмайтынын атап өткім келеді», - деді бірінші вице-министр Қайырбек Өскенбаев.
Сонымен қатар, 77 үйде үй иелерінің келіспеуі немесе меншік иелерінің орнында болмауы себебінен жұмыстар әлі басталған жоқ. Халықпен арадағы барлық даулы мәселелерді 17 сектордағы өңірлер мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерінің өкілдері пысықтауда.