02 шіл, 2019 сағат 15:13

Арыста жұмыстарды ұйымдастыруға ел арасынан шыққан белсенділер атсалысуда

Арыста жұмыстарды ұйымдастыруға ел арасынан шыққан белсенділер атсалысуда. Бұл туралы облыстық Ішкі саясат және дін қызметі басқармасының басшысы Бейсен Тәжібаев өзінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"

Бейсен Тәжібаевтың айтуынша, тұрғындар арасынан әрбір 10 үйге 1 белсенді жетекші сайланып, елмен тығыз қарым-қатынас орнатыла бастаған.

«Штабтарда +40 ыстық пен алатопан шаңға қарамастан қызу қарбалас. Арыстағы 17 секторға бөлінген аумақтарда тыным таптырмайтын жұмыстар жүруде. Оның барлығын штабқа жетекшілікке кіріскен Ұласбек Сәдібековпен аралап, нақты бағыттарды белгіледік. Әрбір облыс пен аудандар бекітілген штабтарда 2 бағытта іске кірісті. Біріншіден, зардап шеккен үйлерді бағалау, есептеу қолға алынды. Соған сай жөнделетін болады. Екіншіден, тұрғындар арасынан әрбір 10 үйге 1 белсенді жетекші сайлап, елмен тығыз қарым-қатынас жасауға көшеміз. Бұл xалықтың осындай жағдайда өзін-өзі басқаруына мүмкіндік береді. Ең бастысы ашықтықты қамтамасыз етіп, елдің пікірін естіп, шешім қабылдауға тікелей септігін тигізеді» делінген парақшада.  

Облыстық Ішкі саясат және дін қызметі басқармасының басшысы сондай-ақ, ел арасынан жетекші өкілдер белгіленіп жатқанын жеткізді.

«Мәселен, Келес ауданы жауапты N12 секторға 624 отбасы енсе, енді солардың арасынан 62 жетекші өкіл белгіленді. Азық-түлік тарату, үйлерге бағалау жүргізу осы жетекшілерді қатыстыра отырып іске асады. Арыс бойынша 700-дей белсенді өкіл белгіленіп, жауапкершілікті арқалап, штабтармен бірлескен әрекетке көшеді. Әрине, тапсырылған істі толық түсінбей немесе тәжірибесі жетпей жатқандары да бар. Бастысы жергілікті атқарушы биліктің өкілдері тұрғындармен тіл табысуға, туындаған ортақ проблемаларды шешуге ұмтылуда. Мұның нәтижесін көретін күн де алыс емес», - дейді Бейсен Тәжібаев.