02 сәу, 2020 сағат 10:55

Арыста төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген дәмхана иесі жауапқа тартылды

Короновирустың таралуына жол бермеу және оның алдын алу мақсатында жүргізілген рейд шараларының барысында Арыс аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірнеше заңбұзушылықтарды анықтап, шара қолданды.

Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Түркістан облыстық Полиция департаментің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Рейд шаралры түнгі уақытта адамдардың топтасуына, отырыстар, мен жиын-тойларды болдырмауды көздейтін еді. Тәртіп сақшылары осындай кезекті рейдтердің бірінде Арыс қаласындағы белгілі сауда орталығында орналасқан дәмхананың сағат түнгі 22:00-ден кейін жұмыс істеп, тұрғындарға қызмет көрсеткенін анықтады. 

Аталған жайтқа байланысты Арыс аудандық полиция бөлімінің полицейлері ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы «Төтенше жағдай режимін бұзу» бойынша хаттамалар толтырды. 

«Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасының Президенті қаулысымен ағымдағы жылдың 16 наурызы мен 15 сәуір күндері аралығында республикамызда төтенше жағдай жарияланған болатын. Осыған қарай Түркістан облысының полицейлері күшейтілген режимде жұмыстарды жүргізуде. Соның арқасында тәртіп сақшылары төтенше жағдай режимін бұзудың 70-ден астам жәйтін анықтады. Құқықбұзушыларға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынып, 17-сі әкімшілік қамауға алынған. Полицейлер облыс тұрғындарына төтенше жағдай кезінде заң талаптарына сәйкес әрекет етіп, мүмкіндігінше сақтық шараларын ұстануды ескертеді»,-делінген хабарламада.