12 шіл, 2019 сағат 12:41

Арыста қатты жарылыс болады деп ақпарат таратқан келіншекке қылмыстық іс қозғалды

Арыста қатты жарылыс болады деп жалған ақпарат таратқан келіншек жұрттан кешірім сұрады. Ол whatsApp әлеуметтік желісіндегі «Арыс қаласы» тобына қаладан «Луна» атты бомба шығарылатынын айтып, жұртты дүрліктірген болатын, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ол өз хабарламасында «Құрметті Арыстықтар 12-15 шілдеге дейін Арыстан кетулеріңізді сұраймыз. В/ч тағы «Луналарды» (бомба) шығармақшы. Ол кезде қауіп төнуі мүмкін болғандықтан тұрғындарды қаладан шығармақшы» деп жазған. Осыдан кейін жергілікті полиция қызметкерлері жалған мәлімет таратқан әйелді анықтап, оны жергілікті полиция бөліміне жеткізген. Оның көпшілік алдында кешірім сұрағаны бейнетүсірілімге жазылып, таратылды.

Бейнетүсірілімде ол «Мен Арыс тұрғыны Жапқсылықова Роза Оспанхановна 12-15 шілде аралығында «Луна» бомбасы шығарылады деп whatsApp желісі арқылы «Арыс қала» группасына картинка арқылы жібергенім рас. Сабыр сақтаңыздар. Жалған ақпарат жібергенім үшін кешірім сұраймын» дейді.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзованың айтуынша, ұсталған келіншектің еш жерде жұмыс істемейтіні және психоневрологиялық диспансерде есепте тұрмайтыны анықталған.

«Осы жайт Арыс АПБ-нің СДТБТ-не тіркеуге алынды. Күдікті азаматша анықталып, оның жергілікті тұрғын екені белгілі болды. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 274-бабы «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында оның не себепті жалған мәлімет  айтқаны және толық мән-жайы анықталатын болады», - дейді Салтанат Қаракөзова.