Бүгін Арыс қаласында атқарылып жатқан жұмыстар, қаланың қазіргі жай-күйі туралы брифинг өтті. Жиында шаһар басшысы Мұрат Қадырбек құрылыс жұмыстары талапқа сай жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
«Арыс қаласы күнделікті қалыпты өмірге оралып келеді. 3 мыңнан астам құрылысшы жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында жергілікті тұрғындар тартылған. Қазіргі таңда 340-тай үй жөнделді. Үкімет тарапынан Арыстың әрбір тұрғынына 100 мың теңге беру жөнінде қаулы қабылданған болатын. Қазірдің өзінде арыстықтардың 90 пайыздан астамы осы көмекке құжат тапсырды. Таяуда барлық тұрғынның құжаты жиналады, яғни, бұл жұмыс аяқталуға жақын тұр», - деді ол.
ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі Қайыргелді Хусаинов қала аумағы мен әскери қоймадан 20 шақырым радиус қашықтықта тексеру, тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, радиация қаупі жоқ екенін баяндады. Сонымен бірге қаладан 60 шақырым қашықтықта оқ-дәрілердің жарылмаған бөлшектерін жою бойынша жоспарлы жұмыс атқарылуда. Сағат таңғы 9 бен 18.00 аралығында жарылыс дыбыстары естілуі мүмкін және ол тұрғындар үшін қауіпсіз екенін жеткізді.
Ал Түркістан облысы полиция департаменті әкімшілік басқармасының басшысы Алмасхан Тастанбеков қала аумағында тәртіп сақшылары тұрақты жұмыс жүргізіп жатқанын, тұрғындардың құқығын қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағытында жұмыстар жолға қойылғанын атап өтті. Тұрғындарға жалған ақпарат тарату және арандату бойынша 10 адам тергелгенін, дәлелсіз дерек тарату қылмыс екенін және мұндай қылмысқа барғандар заң алдында жауап беретінін айтты.