Ішкі істер вице-министрі Алексей Калайчиди Арыста жасалған қылмыстар жайлы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның айтуынша, Арыста ішкі істер органдарының 404 қызметкері жүр. Осы уақытқа дейін олар ұрлыққа қатысты 100-ден астам арыз-шағымды қабылдаған.
"Әзірге ұрлыққа қатысты 120 арыз түсті. Ол қылмыстық әрекеттер адамдар қалада болмаған кезде, сосын эвакуация жүріп жатқанда болды. Енді ол кезде дүрбелең болған ғой. Адамдар бәрін тастап қашқан. Өкінішке қарай, осындай жағдайда да қылмысқа барғандар болды", - деді Калайчиди Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, қарақшылар үйге түсіп, жеке мүлікті, тіпті, қорадағы малды ұрлаған.
"120 арыз түсті деп отырмыз ғой. Аталған шағымдар бойынша шығынның жалпы көлемі 20 миллион теңгені құрап отыр. Енді бізде ұрлыққа қатысты қылмыстық істердің 50 проценті ашылады", - деп атап көрсетті Калайчиди.