Арыста көлік жүргізушісі велоспедпен кетіп бара жатқан 12 жастағы баланы қағып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Аталмыш жайт бойынша полиция бөлімінен бірден жедел тергеу тобы құрылып, жедел уәкілдер мен патрульдік полиция тобы оқиға болған жерге жеткен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, осы келеңсіз жағдай бойынша жергілікті тұрғынның бірі полицияға арыз түсірген. Оқиға орнына жедел жеткен жедел уәкіл, полиция лейтенанты Ермек Ералыұлы мен ЖПҚ ПП тобының қызмет аға инспекторы Бахытжан Шекербеков, қызмет инспекторы Бибарыс Тәжен тез арада іздестіру шараларын жүргізді. Қала ішіндегі бейнекамералардың жазбаларын тексеріп, куәгерлерден сұрақ жауаптар алынды. Осылайша шамамен 2-3 сағаттың көлемінде велосипедшіні қағып кеткен күдікті ұсталды. Тәртіп сақшылары сезіктінің көлігін тінту кезінде сөмкеде тұрған күмәнді затты байқап, тексеру жүргізеді. Нәтижесінде, пакетке салынған хош иісі бар, жасыл түсті марихуанаға ұқсас шөп пен прикурсорды, қолдануға тыйым салынған есірткі тектес бірнеше препараттарды тауып, тәркілейді. Кейіннен анықталғандай, күдікті Арыс қаласына құрылыс жұмыстарына келген Шымкент тұрғыны болып шықты.
«Бүгінгі таңда аталмыш жайтқа байланысты Арыс АПБ-нің полицейлері ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде. Сараптамалар тағайындалды», делінген хабарламада.