Арыс тұрғындарын өз үйлеріне жеткізу жұмыстарын еліміздің Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жеке бақылап жүр. Бұл жайында ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ішкі істер органдарының қызметкерлері Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шекендердің көшуіне көмектесуде. Таңғы сағат 06.00-ден бастап Түркістан облыстық және Шымкент қалалық Полиция департаменттерінің жеке құрамы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Эвакуацияланған Арыс тұрғындары автобус коллоналарымен оралуда. Бұл көш департаменттің жол полициясының бастауымен іске асырылып жатыр», - деді ол.
Оның атап өтуінше, жергілікті полиция қызметі азаматтардың құқықтық тәртібі мен мүліктерінің сақталуын қатаң қадағалауға алған.
«Тұрғындарды көшіру жағдайын Арыс қаласына арнайы келген Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өзінің жеке бақылауына алды. Қауіп туындаған кезден бастап қаладан 3566 тұрғын эвакуацияланып, 39 мыңнан астам адам өздері шыққан болатын. Төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін Ішкі істер минстрлігінің күші мен құралдары, атап атйқанда 1500-ден астам жеке құрамы және 188 техникасы жұмыс істеуде», - деді Н.Ораз.