02 шіл, 2019 сағат 11:05

Арыс халқына әлі де сақ болған жөн - Төтенше жағдайлар комитеті

ҚР Төтенше жағдай комитетінің төрағасы Владимир Беккер Арыста әлі де 1300-ге жуық сапер жұмыс істеп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Владимир Беккер теміржол бойынан жарылмаған снаряд табылғанын айтты.

«Саперлік бөлімшелерден 1287 адам 80 топқа бөлініп, Арыс аумағын тазартып жатыр. Бүгінге дейін 11 400 оқ-дәрі мен бөлшек табылған. Қаланың бірнеше жерінде өрт болғанын білесіздер. Сондықтан бейсауат снарядтардың жарылу қаупі төмен. Олай екен деп сақтықты жоғалтуға болмайды. Арыстықтарға снаряд бөлшектер кездессе, не істеу керектігі жаппай түсіндірілді», - дейді комитет төрағасы.

Сондай-ақ, ол саперлік жұмыстар кезінде теміржол бойынан табылған жарылғыш заттың іске қосылған қалпы жарылмай қалғанын айтты.

«Теміржол тораптарын тазарту кезінде мамандар жарылмаған снаряд тауып алды. Жарылмады дегеніңіз бомаса, өздігінен іске қосылып қалған. Мұны көрген саперлардың өздері де қатты таңғалды», - деді Владимир Беккер.

Еске салсақ, ҚР Қорғаныс министрлігі кеше Арыс қаласында жарылу қаупі жоқ қару-жарақ бөлшектерін жою жұмыстарын бастаған болатын. 

Бұған дейін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев апаттан зардап шеккен Арыс тұрғындарының әрқайсына 100 мың теңгеден төлеу үшін екі аптаның ішінде 44 мыңнан аса адам туралы мәлімет жиналатынын айтқан болатын. Бүгінгі таңда бүлінген 247 жеке үй жөнделуде.