11 қыр, 2019 сағат 10:53

Арыс қаласындағы теміржол вокзалының жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды

Арыс қаласындағы теміржол вокзалының жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Бүгін еліміздің Премьер-Министрі Асқар Мамин аталған қалаға іс-сапары барысында вокзалды аралап көріп, абаттандыру жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

1904 жылы салынған Арыс теміржол вокзалы тоғыз жолдың торабында орналасқан. Маусым айында жарылыс болған кезде нысанға едәуір зақым келген болатын. Апат болған аймақта 68 әлеуметтік нысанды жөндеуді өз мойнына алған «Самұрық Қазына» ҰӘҚ темір жол екі айдан аса уақыт аралығында толығымен жөндеп біткен.

«Теміржол вокзалындағы жөндеу жұмыстар төлқұжатына сәйкестендіріліп жүргізілді. Тек ғимарат қана емес, вокзалдың инженерлік-коммуникациялық желілері де толығымен жаңартылды. Айналасы абаттандырылып, жалпы бұл жұмыстарға 400 млн теңгенің көлемінде жұмсалған», - деді «Самұрық Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасының орынбасары Арман Жетпісбаев.

Вокзалдың жөндеу жұмыстарын аралап көрген Асқар Мамин атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.