Бүгін Түркістан облысы әкімдігінде өткен аппараттық мәжілісте Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары талқыланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен жиында Арыстағы жарамсыз деп танылған 402 үйдің құрылысы толық аяқталғаны мәлім болды.
Сала мамандарының зерттеу-зерделеу нәтижесінде тұруға жарамсыз деп танылып, күреліп тасталған 72 үй әлі салынып жатыр. Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларына тиесілі бұл нысандарда құрылысшылар екі ауысымдық жұмысқа ауысып, істеуде.
Сондай-ақ, жиналыста облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен жүріп жатқан Түркістан қаласын көгалдандыру жұмыстарына қатысты ауқымды шаралар талқыланды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, қаланың аумағын қоқыстан тазарту мен көше бойларын және арық-атыздарды қалпына келтіру мақсатында ұйымдастырылған сенбілікке облыстың 16 аудан-қаласынан мыңдаған адам қатысқан.
Осы ретте аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев аталған шараға барлық әкімдік пен басқарма қызметкерлерінің толық атсалысуын тапсырды. Бүгінгі таңда облыс орталығының аумағында әкімшілік тарапынан 50 мыңға жуық көшет отырғызылған. Оларды тұрақты суғарып тұру үшін 268 су ұңғымасын салу көзделген.
Аппарат мәжілісінде сонымен қатар облыстағы ауыл шаруашылығы салаларының 9 айлық жұмыс қорытындысы да сөз болды. Соңғы көрсеткіштер бойынша, өңірдегі жалпы өнім көлемінің индексі мен тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталға тартылған инвестициялардың нақты көлемі, ірі қара мен ұсақ мүйізді мал басының үлесі секілді даму индикаторларының орындалуы барысы сөз болды. Бұл бағытта Түркістан облысы жақсы жетістіктерге қол жеткізген.
Ауыл шаруашылығы негізгі каптиталға тартылған инвестициялардың көлемі жағынан да республика бойынша алғашқы орында.
Жиналысты қортындылаған Өмірзақ Шөкеев жауапты мамандарға мақта құнына байланысты туындаған мәселені тез арада шешуді тапсырды.
Айта кетейік, облыста Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарында тұратын 300 мыңнан астам халық мақта шаруашылығымен айналысады. Бүгінде бұл аудандарда 18 мақта өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр.