27 мау, 2019 сағат 09:00

Арыс қаласында өрт толық сөндірілді

Жарылыс болған Арыс қаласында өрт толық сөндірілген. Бұл туралы Түркістан облысында құрылған жедел штабта ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Арыстағы төтенше жағдайдан кейінгі атқарылған жұмыстар мен қаланың қазіргі жай-күйін баяндаған  Қорғаныс министрінің орынбасары өрт сөндіру шараларына да тоқталып өтті.

«Қаладағы негізгі көшелер мен алаңдардың бәрі тексеріліп, тазаланды. Біздің сапер мамандарымыз 500-дей снаряд қалдығы мен жарылғыш заттарды тауып, залалсыздандырды. Қорғаныс министрлігі тарапынан тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау бағытында тиісті шаралар атқарылуда. Енді біз қаладағы барлық үйдің ауласын толық тексереміз. Дәл қазір қалаға ешкімді кіргізе алмаймыз. Бұған тұрғындардың түсіністікпен қарауын өтінеміз. Арыстықтардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс» деді Бақыт Құрманбаев.

Өз кезегінде Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет төрағасы Владимир Беккер қауіп бұлты сейілгенін, алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді.

«Кейбір ақпарат құралдарында адамдар із-түссіз жоғалды деген ақпарат тарады. Бұл негізсіз екенін мәлімдеймін. Бастапқыда көшу барысында тұрғындар бір-біріне хабарласа алмай, қиындықтар кездескен болатын. Қазір ол мәселе шешіліп, туыстар да, балалар да табылып жатыр. Сонымен бірге әлеуметтік желілердегі ірі жарылыс болатыны,  қоймалардан су жіберілетіні туралы қауесеттер де жалған. Қазіргі таңда облыстағы су қоймалары тұрақты режимде жұмыс істеп тұр және ол жұмыс режимін өзгерту туралы жоспар жоқ. Сондықтан ресми расталған деректерге ғана сенулеріңізді сұранамыз» деді Владимир Беккер.