2019 жылғы 9 шілдедегі жағдай бойынша Түркістан облысының Арыс қаласында 434 үйде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Ауқымды шараға тағы 41 құрылыс компаниясы атсалысуда. Бүгінгі күні үйлерді қалпына келтіруге 191 ұйым жұмылдырылды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Құрылыс және ТКШ істері жөніндегі комитеттің мәліметтері бойынша, 4 мыңнан астам құрылысшы мен 185 арнайы техника қазір тағы 2642 жеке тұрғын үй құрылысы мен КПТҮ нысандарын қалпына келтірілуде.
Естеріңізге сала кетейік, Арыс 17 секторға бөлініп, әр өңір мен республикалық маңызы бар қалаға бекітіп берілген. 2019 жылғы 6 шілдеде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек, ҚР ИИДМ вице-министрі Қайырбек Өскенбаев және Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен әкімдік өкілдерімен кеңес өткізіліп, жауапты тұлғалардан қаланы қалпына келтіру қарқынын жеделдету тапсырылды.
Елбасының және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық бүлінген және бұзылған объектілер 2019 жылдың 1 тамызына дейін тапсырылуы тиіс.
ҚР ИИДМ вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, үйлердің мониторингі мен құрылыс барысын бақылау күн сайын жүргізіледі.