Арыс қаласында 15 шілдедегі жағдай бойынша 1 172 үй қалпына келтірілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, жөндеу жұмыстары 4 504 жеке тұрғын үй құрылысы және көппәтерлі тұрғын үй нысандарында жүргізіліп жатыр.
Қаланы қалпына келтіруге 197 құрылыс компаниясы, 3 159 құрылысшы жұмылдырылған. Қаланың 17 секторында 250 арнайы техника жұмыс істеуде.
Сондай-ақ, 65 әлеуметтік нысан қалпына келтіріліп жатыр, онда 1 746 құрылысшы жұмыс істейді.
Бірінші вице-министр Қайырбек Өскенбаев бастаған ИИДМ мамандары Арыс қаласындағы үйлердің мониторингін және құрылыстың барысын бақылауды күн сайын жүргізеді.
Елбасының және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық бүлінген және бұзылған объектілер 2019 жылдың 1 тамызына дейін жөнделуі тиіс.