08 қаз, 2019 сағат 16:45

Арыс қаласын қалпына келтіруге 4 мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылды

Арыс қаласын қайта қалпына келтіруге 126 құрылыс компаниясы мен 4 мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылды. Бүгінде жөндеуді қажет ететін 7 163 нысанның 7154-інде құрылыс жұмыстары аяқталып, ішкі әрлеу жалғасуда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жарылыстан жапа шеккен қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстарына еліміздің барлық өңірінен құрылысшылар тартылды. Мәселен, Түлкібас ауданы мен Алматы қаласына бекітілген 14-секторда 531 нысанды қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. Оның ішінде 503-і жөндеу жұмыстарын қажет етсе, 28 үйдің қабырғалары толықтай сүріліп, жаңадан салынуда. Жұмысқа 5 компания, 300-ден астам құрылысшы тартылған.

Ал, Солтүстік Қазақстан облысы мен Ордабасы ауданына қарасты 13 секторға бекітілген 17 көшедегі 371 тұрғын үйдің жағдайын зерделеп, зақым келген 198 баспананың жөнделуіне күш салынды. Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмекке құжат рәсімдеу үшін де тиісті мамандар бөлініп, жұмыс жүргізілген. Бұл аумақ бойынша біржолғы жәрдемақы 18 жасқа толған 954 тұрғынға банк карточкалары арқылы таратылып берілді. Аталған секторда құрылыс нысандарын қалпына келтіру шаралары толығымен аяқталып, арыстықтар қоныс тойын тойлап үлгерді.

Осы өңірлерге қарасты сектордың жетекшілері салтанатты шара ұйымдастырып, елеулі еңбек еткен жұмысшылар мен белсенділерді марапаттады. Әдімдік өкілдері тұрғындарды үйлеріне барып құттықтап, оларға тұрмыстық техника сыйға тартты.

Теміржолшылар қаласындағы Жамбыл облысы мен Шардара ауданына тиесілі 3-сектордағы құрылыс жұмыстарының аяқталуына орай да салтанатты шара өтті. Жиында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметов пен Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев Арыс қаласын қайта қалпына келтіруге атсалысқан құрылысшылар мен белсенді азаматтарға алғыс айтты. Айтулы шарада Арыс қаласындағы құрылыс-жөндеу жұмыстарына белсене араласқан құрылысшылар, мердігерлер, белсенді азаматтар мен әкімдік қызметкерлері арнайы алғыс хатпен марапатталды. Шара аясында жарылыс кезінде қирап, қайта салынған 4 үй салтанатты түрде иелеріне табысталды. Бұл үйлердің екеуі қайта салынып, екеуі толық жаңғыртылған. Құрылысын жүргізген мердігер компания аталған үй иелеріне сый-сияпат жасады.

Айта кетерлігі, Арыс қаласындағы Жамбыл облысының штабына қарасты 3-секторға 11 көше бекітілген. Онда 312 жеке тұрғын үймен бірге 14 әлеуметтік және коммерциялық нысан бар. Зерделеуден өткен жеке тұрғын үйдің барлығының ақау актілері толтырылып, сметалау жұмыстары жасалған. Нәтижесінде қираған 4 үй қайта салынып, қалған 309 үйге түрлі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қалпына келді. Бұл жұмыстарға 4 мердігер компания, 500-ден аса құрылысшы тартылған. Тиісті шығындар республикалық бюджет пен арнайы қорға жинақталған қаржыдан қарастырылды.

Қарағанды облысы мен Төлеби ауданына тиесілі 5 секторда да құрылыс жұмыстары дер кезінде аяқталды. Қиын-қыстау сәтте қолдау білдіріп, арыстықтарға демеу болған №5 сектордың өкілдері 11 көпқабатты үйдің 519 пәтеріне және 72 жеке тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізді. Ал, Атырау облысы мен Жетісай ауданына қарасты №1-сектордың аумағы жарылыс болған әскери бөлімнің жанында орналасқан. Көктем шағын ауданында орналасқан аумақта 571 үйдің 468-і жөндеуден өтті. Оның ішінде 55 үй қайта тұрғызылып, 11 кәсіпкерлік нысан жөнделген. Құрылысты барлығы 13 мердігер компания жүргізді. Жалпы құрылысқа 700-ге жуық құрылысшы мен 12 техника жұмылдырылған.

Еске салайық, Арыс қаласындағы зақымданған 7613 үйдің 7166-сында жөндеу жұмыстары жүрсе, 447 үй қайта салынды.