Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арысты «ақылды қалаға» айналдыру бағытындағы жұмыстарды күшейтуге тапсырма берді. Алдағы уақытта қаланың ішкі жүйесінің барлық деректері бірыңғай қауіпсіз платформаға жиналатын болады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі таңда 17 секторға бөлінген қаланың 3D картасы жасалған. Карта арқылы алдағы уақытта қаладағы қайта қалпына келтірілген үйлер туралы толық ақпарат көрсетіліп отырады. 3D картаның ақпараттық жүйесіне қаладағы барлық тұрғындар саны, меншік иесі туралы маңызды ақпараттар және тұрғын үйлер жайлы мәліметтер енеді.
Сонымен қатар облыс әкімі қалалық кадастрда есепке алынбаған үйлерді анықтап, тұрғындар үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуді тапсырды. Сондай-ақ қала тұрғындары эвакуация кезінде жоғалған жеке куәліктерін тегін қалпына келтіре алады.
«3D-карталар төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге берілетін көмек негізінде жасалып отыр. Нақтырақ айтқанда, төтенше жағдай кезінде шығынға ұшыраған әрбір тұрғын үйдің қалпына келтірілуіне байланысты. Мәселен, қираған үйлерді жөндеу, қоқыстарды шығару, гуманитарлық көмек бөлу сынды ақпараттар болады. Сонымен қатар әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдардың да тізімі осында жинақталады», - дейді Түркістан облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Елнұр Өтебаев.
Тұрғындар интернет арқылы онлайн режимде қаладағы қайта қалпына келтіру жұмыстарын қадағалай алады. Сондай-ақ, қандай да бір мәселе туындаған жағдайда үйдің немесе ғимараттың мекенжайынан жүйеге ақпарат қалдыру мүмкіндігі қарастырылған.
Айта кетейік, қазіргі таңда облыс әкімінің тапсырмасымен қаланы толықтай цифрландыру, яғни «Smart» қалаға айналдыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.