29 там, 2019 сағат 20:19

Арыс: 5-сектордың құрылыс жұмыстары аяқталды

Арыс қаласындағы Қарағанды облысы мен Төле би ауданына тиесілі 5 сектордағы құрылыс жұмыстарының сәтті аяқталуына қатысты салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шарада Төле би ауданының әкімі Б.Омарбеков Арыс қаласында қираған үйлер мен жеке секторларды қалпына келтіру жұмыстарына атсалысқан азаматтарға алғысын білдіріп, облыс әкімінің, облыстық маслихаттың, Төле би ауданы әкімінің алғыс хаттарымен және Төле би аудандық маслихатының грамотасымен арнайы марапаттады.

Сонымен қатар, шараға арнайы қатысқан Арыс қаласының әкімі М.Қадырбек құрылыс сапасының дұрыс жүргізілуіне үлесін қосқан азаматтарға алғыс білдіре отырып, Арыс қаласы әкімінің және Арыс қаласы «Нұр Отан» партиясы филиалының арнайы алғыс хаттарын табыстады.



Жиын соңында шараға қатысқан барлық қонақтарға Төле би ауданындағы «Балмұздақ» ЖШС-ның атынан балмұздақ тарту етілді. Қиын қыстау сәтте қолдау білдіріп, арыстықтарға демеу болған №5 сектордағы Қарағанды облысы мен Төле би ауданы әкімдіктеріне сектор тұрғындары алғыстарын жеткізді. Шара барысы Төле би аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары концерт қойды.

Айта кетерлігі, 5 сектордағы 11 көпқабатты үйдің 519 пәтеріне және 72 жеке тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізілді.