21 қыр, 2021 сағат 18:59

Артық жүк тиеп жүрген көліктерге қатысты айыппұлдар тиімсіз болып тұр - Берік Камалиев


Жүкті шамадан тыс тиеп жүретін көліктерге қатысты айыппұл салу тиімсіз шешім болып тұр. Бұл туралы Мәжілісте заңнамалық актілерге көлік мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын таныстыру кезінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Талқылау барысында жүкті шамадан тыс артық тиеп, жолды бұзатын көліктерді шектеу мәселесі туралы сұраық қойылды. 

Өз кезегінде вице-министр Берік Камалиев автожолдарда шамадан артық жүкті көбіне қытайлық көліктер тиеп алатынын растады. 

«Қытайлық жүк көліктері 40 тоннаға дейін инертті материалдарды тасымалдауға қауқарлы. Олар автожолға өте жоғары жүктеме түсіреді. Бізде көліктік бақылау инспекторлары бар, артық жүк тиегендерді тоқтатады. Алайда бұл жүк көлігін тізгіндеген жүргізушілер инспекторды елемей, ары қарай жүре беретін жағдайлар да кездесіп жатыр. Бұл көліктер қаланың ішіндегі жолдарды да бұзып жүргені белгілі. Сондықтан айыппұлдар секілді іс-шаралар тиімсіз екенін көрсетіп отыр», - деді вице-министр.

Сонымен қатар ол көліктік бақылаудағы сыбайлас жемқорлық жағдайлары да бар екенін айтты.

«Сондықтан әлемдік тәжірибе инспекторлардың болмауын ескеріп отыр. Инспекторлар жүргізушілермен байланыста болмауы керек» - деді Берік Камалиев.