Иллюстрациялық фото:elements.envato.com
"АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнында болған оқиғадан зардап шеккен жұмысшының жағдайы белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1994 жылы туған науқас ауруханаға жеткізілген.
"Гемодинамика тұрақты, маңдай бөлігінде терең жара бар. Қазіргі уақытта диагностика жүргізіліп, политравматология бөлімінің меңгерушісі, нейрохирург, хирург, реаниматологтар бірге тексеріп жатыр. Науқас қарқынды терапия бөліміне жеткізілді", - деді ведомство өкілдері.
Облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі департамент оқиғаға байланысты басталған тергеу туралы хабарлады.
"10 маусымда "АрселорМиттал Теміртаудың" бір топ жұмысшысы жазатайым оқиғаға тап болды. Оның ішінде төрт адам қаза болды, біреуі ауруханада жатыр. Қолданыстағы еңбек заңнамасы аясында арнайы тергеу жүргізіліп жатыр. Мән-жайы мен себептері хабарланады", - деді Қарағанды облысы еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Сахибжамал Сафарова.
Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Оқиға орнында Теміртау қалалық Полиция департаменті мен Полиция басқармасының жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Мән-жай анықталып жатыр", - деді полициядағылар.
Еске салайық, бұған дейін "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнында төрт адам қаза тапқаны хабарланған.