10 мау, 2022 сағат 21:44

АрселорМиттал Теміртауда адам өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды


Қарағанды облысының полиция департаменті «АрселорМиттал Теміртау» АҚ цехтарының бірінде 4 адамның қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Аталған факті бойынша ҚК 277-бабы 3-бөлігі (Екі немесе одан да көп адамның абайсызда өліміне әкеп соққан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігі ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркелді. Оқиға орнында Теміртау қаласының полиция департаменті мен полиция басқармасының жедел-тергеу топтары жұмыс істеуде. Жағдай анықталуда», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі. 

Қазіргі уақытта оқиға орнында Қарағанды облысы ТЖД құтқарушылары (27 адам және 7 бірлік техника) және «Серіктес Өрт Сөндіруші» ЖШС қызметкерлері (10 адам және 2 бірлік техника) үйінділерді аршып жатыр. 

Оқиға орнында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, ТЖД және өнеркәсіптік қауіпсіздік басшылары бар. 

«ҚР қолданыстағы еңбек заңы аясында арнайы тергеу жүргізілуде. Мән-жайлар мен себептер анықталып, хабарланатын болады», - деп түсіндірді Қарағанды облысының еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Сахибжамал Сафарова. 

Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес еңбек жөніндегі уәкілетті органның өкімімен комиссия құрылады және жазатайым оқиғаға арнайы тексеру жүргізіледі. Нәтижелер туралы қосымша хабарланатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 10 маусымында «Құрылысмет»« ЖШС аумағында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қызметкерлері қайғылы оқиғаға ұшыраған болатын. 

Отқа төзімді қалауды бөлшектеу кезінде ұста-пресс цехының №9 жұмыс істемейтін термиялық пешінде шатыр құлады. Соның салдарынан (көлемі 5х5х10 м) үйінділердің астында 5 адам қалып қойды. 

Олардың төртеуі қайтыс болды, біреуі - 1994 жылы туған жұмыскер ауруханаға жеткізілді.