29 қаз, 2023 сағат 15:12

«АрселорМиттал Теміртау» иесінің ауысуы қызметкерлер алдындағы міндеттемелерге әсер етпейді

Фото: Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі

"АрселорМиттал Теміртау" меншік иесінің ауысуы қызметкерлер алдындағы міндеттемелерді орындауға еш әсер етпейді. Төлем шарттары, әлеуметтік кепілдіктер сақталады. Шахталарда бірінші кезекте еңбек қауіпсіздігін арттыруға назар аударылады. Бұл туралы Вадим Басин мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Кеше Мемлекет басшысы қаза тапқан және зардап шеккен кеншілердің туыстарымен кездесуде компанияның проблемалық активтеріне қатысты инвестормен қарым-қатынас тоқтатылатынын мәлімдеді. Бұл ретте бір жайт ерекше атап өтілді және де компанияның бүкіл ұжымына бірден айта кетілгені: жұмыс шарттарында, төлемдерде, әлеуметтік кепілдіктерде ешқандай өзгерістер болмайды. Оларды жақсарту тұрғысынан ғана қайта қаралатын жағдайлар қалады. Бұл компанияның әрі қарай жұмыс істеуі және әлеуметтік жауапты болуы үшін қажетті шарт. Ұжымның бірде-бір мүшесі жұмыстан шығарылмайды, ұжымның бірде-бір мүшесінің құқығы төмендетілмейді", – деп атап өтті Вадим Басин.

Шахталарда бірінші кезекте еңбек қауіпсіздігін арттыру және негізгі қорларды жаңарту жұмыстары жүргізіледі.

Қазір қаза тапқан кеншілердің туыстары мен жақындарына психологиялық көмек көрсетіліп, олармен кәсіби психологтар жұмыс істеп жатыр.

Жедел желі жұмыс істеп тұр: Қарағандыда (8-7212) 51-72-23 (ТЖД), (8-7212) 49-72-70 ("АрселорМиттал Теміртау") және Астанада – (8-7172) 70-41-08.