Фото: REUTERS/Francois Lenoir - RTSHKKE
Экологтар тексерісінен кейін «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы ауаны ластағаны үшін 1 миллиард теңгеден астам айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қарағанды облысының Экология департаментіне сілтеме жасап.
"Қарағанды облысы бойынша Экология департаменті «Жол картасы» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2022 жылдың 5 қыркүйегі – 3 қазаны аралығында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на қатысты компанияның барлық кәсіпорнындағы цехтеріне жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Тексеру барысында Қазақстан Республикасы табиғатты қорғау заңнамасын өрескел бұзушылықтардың бірқатарын анықтады.
Негізгі бұзушылықтар бірқатар цехта (кокстеу, ЖЭО-2, агломерациялық, домна пеші, №2, №3 металл илеу және әк күйдіру цехтары) шығарындылардың шекті рұқсат етілген нормадан асып кетуі болды.
Табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін департамент 1 207 287 661 теңге сомасында әкімшілік айыппұл салды" - делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда Теміртау қаласы әкімшілік сотының қаулысымен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ үшін 2023 жылдың 15 тамызына дейін айыппұлды үш кезең бойынша бөліп төлеу жоспары белгіленген.