Иллюстрациялық фото: ©Тұрар Қазанғапов, Tengrinews.kz
"Қазақстан" шахтасындағы апатқа байланысты кеншілер эвакуацияланып жатыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Өңір әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қарағанды облысында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Көмір департаментіне қарасты "Қазақстан" шахтасында конвейер таспасының өртенуіне байланысты апатты жою жоспары енгізілді.
Оқиға орнына облыс әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин мен Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков жеткен. Сондай-ақ «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» республикалық орталығы қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
"17 тамызда сағат 10:05-те "АрселорМиттал Теміртау" АҚ КД "Қазақстан" шахтасында Д6 (горизонт – 170 м) көмір еңісінің қазбасында конвейер таспасының өртенуі орын алды, апатты жою жоспары енгізілді. Шахтаны желдету жүргізіледі (ауа беру кері позицияға ауыстырылды).
Орынға "КӘАҚҚ" РО 3 бөлімшесі (15 қызметкер және 5 техника бірлігі) және ТЖД (8 қызметкер және 2 техника бірлігі) келді.
Шахтада барлығы 227 адам болды. Оларды щахтаның қапталы арқылы жер бетіне шығарып жатыр. Қазіргі сәтте 182 адам жер бетіне шығарылды. Бұл жерге қосымша "КӘАҚҚ" РШМ (15 қызметкер және 3 техника бірлігі) және ТЖД (8 қызметкер және 2 техника бірлігі) күштері келеді, – делінген жедел хабарламада.