08 шіл, 2022 сағат 14:11

Арнайы операция: Елордада қылмыстық топ мүшелері ұсталды

Фото: Polisia.kz

Нұр-Сұлтанда полиция қызметкерлері арнайы операция барысында және ұзақ уақыт бойы жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде елорда аумағына аса ірі көлемде есірткі жеткізіп, оны сатумен айналысқан қылмыстық топ мүшелерін ұстады, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

"Полиция қызметкерлерінің үйлестірілген іс-қимылдарының арқасында елордаға кіреберісте, Қарағанды – Нұр-Сұлтан тас жолында 36 жастағы жүргізушінің басқаруымен Toyota Еstima маркалы автокөлік ұсталды, оның салонынан салмағы 16 келіден асатын “гашиш” тәркіленді. Көліктің ішінде қылмыстық топтың 23 жастағы ұйымдастырушысы мен 20 жастағы сыбайласы болған. Күдіктілер бұл затты Шу қаласынан әкеліп, елордада сатпақ болған. Есірткінің “қара нарықтағы” бағасы 16 миллион теңге болар еді.

Сондай-ақ арнайы операция барысында полиция қызметкерлері тас жолда 27 жастағы жүргізушінің басқаруымен Toyota Camry 50 маркалы автокөлікті тоқтатып, одан жеке тінту барысында “гашиш” тәркіледі" - делінген хабарламада.

Жүргізілген операцияның нәтижесінде заңсыз айналымдағы 16 келіден астам “гашиш” есірткісі тәркіленген.


Аталған факті бойынша ҚР ҚК 297-бабы 2-бөлігімен “Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу” сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ұсталғандар қамауға алынды.

Нұр-Сұлтан қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Акбаровтың айтуынша, елордаға есірткі заттарын әкелуге жасалған барлық әрекеттің жолы қатаң түрде кесілетін болады.