Арнайы қызметтер Санкт-Петербургте теракті әзірленіп жатқанын алдын ала білген: бұл жайлы РФ аумағында тыйым салынған «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобымен жұмыс істеген және Сириядан қайтып келген соң қамауға алынған ресейлік азамат мәлім еткен.
Алайда бұл адам содырлар иерархиясында ең төменгі сатыда болған, сол себепті ол толық ақпаратты білмеген, деп жазды "Коммерсант" «сенуге тұрарлық ақпарат көзіне» сілтеме жасап.
Басылым сұхбаттасушысының айтуынша, ұсталған азамат сыбайластарымен телефон арқылы байланысып жүрген. Сол арқылы жедел қызмет болуы ықтимал лаңкестердің телефон нөмірін анықтады. Дегенмен, барлық нөмірлер базардан сатып алынған және нақты адамдарға тіркелмеген, сондықтан арнайы қызметтер содырлардың әңгімесін тыңдаумен ғана шектелді.
Телефон әңгімелерінде де пайдалы ақпарат өте аз болды: ИМ шабармандары ұялы телефон қызметіне өте сирек жүгінді, ал әңгімелер есімдерді, уақытты немесе кездесу орындарын нақты айтпайтын қысқаша жалпы сөздермен аяқталатын болған.
Метрода болған жарылыстан соң арнайы қызмет операциясын тоқтатуға мәжбүр болды. Барлық анықталған телефон нөмірлерін жедел қызмет бұғаттап тастады, осылайша лаңкестік топ байланыстан ажырады.
newsru.com хабарлауынша, алдын ала деректерге сәйкес, петербургтік метродағы екі бомба да (біреуі жарылмай қалған) ұялы телефон қоңыраулары арқылы іске қосылған. Арнайы қызметтің қара тізімдегі телефон нөмірлерін бұғаттау шешімі екінші жарылысты болдырмауға әсер етуі де ғажап емес.
Санкт-Петербург метросындағы жарылыс дүйсенбі, 3 сәуір күні "Сенная площадь" және "Технологический институт" стансалары арасында болды. Соңғы деректерге сәйкес, теракт салдарынан 11 адам қаза тапты, тағы 45 адам ауруханада жатыр.