21 нау, 2022 сағат 15:26

"Арнайы комиссия құрылды". СҚО әкімі ЖЭО-дағы апат туралы айтты


Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Петропавл қаласының ЖЭО-2-дегі құбырдың опырылғанына қатысты түсініктеме берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Мемлекет басшысы қысқа мерзімде Петропавл тұрғындарын жылумен қамтамасыз етуді тапсырды. Кешегі апаттан кейін тек төрт қазандық агрегаты жұмыс істеп тұр. Апат салдарынан екеуі істен шықты. Бүгін үшіншісі іске қосылды. Түстен кейін төртіншісі қалыпқа келеді. Кешке дейін барлық ақау жойылып, қалыпты жұмысқа ораламыз. 

Қазір қалпына келтіру және іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Кеше апат орнында бір қызметкеріміз жұмыс істеді. Біз оны іздеп жатырмыз. Басқа зардап шеккендер не медициналық көмекке жүгінген адамдар жоқ. Апаттың себептерін зерттейтін арнайы комиссия құрылды. Оған әкімдік, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және тиісті мамандар кірді. Нәтижелер мен қорытындыларды халыққа жария етеміз", - деді СҚО әкімі.

Еске салайық, бүгін Петропавлда ЖЭО-2-дегі үш құбырдың бірі опырылғаны хабарланған болатын.

ЖЭО-2-нің құлаған мұржасы 1961 жылы пайдалануға берілген. Құрылымның биіктігі 150 метр, салмағы бірнеше мың тонна.