Арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеу мерзімін 49 жылға дейін ұзарту қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мемлекет басшысы арнайы экономикалық аймақтар қызметінің тиімділігі төмендігін және жобалардың әлсіз толықтырылуы байқалатынын атап өтті. Мысалы, Химпарк-Тараз аумағында құрылған сәттен бастап барлығы 1 жоба іске қосылған, Қорғас-Шығыс қақпасы мен «Қорғас» Халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығында да жағдай осындай. Біз әрбір арнайы экономикалық аймақ бойынша талдау жүргіздік. Дамыған елдердің тәжірибесін зерделеп, мынадай жаңа тәсілдерді ұсынамыз.
Бірінші. Әлемдегі табысты арнайы экономикалық аймақтардың тәжірибесін қарай отырып, жұмыс істеу мерзімін 49 жылға дейін ұзартуды жөн деп санаймыз.
Екінші. Арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарындағы қызмет түрлерінің басымдығын алып тастау және өңдеуші өнеркәсіптің барлық салалары мен секторлары үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету», - деді министр.
Оның атап өтуінше, үшіншіден, әрбір инвестор үшін жеңілдікті топтаманың инвестициялар көлемі бойынша өлшемдерге сәйкестігіне байланысты түрлі қолданылу мерзімдерін ұсыну қажет. Төртіншіден, жауапкершілік қарастырылады. Яғни, міндеттемелер орындалмаған жағдайда, бизнес тиісті кезең үшін барлық жете есептелмеген салықтарды қайтаруы тиіс.
«Бесінші, Арнайы экономикалық аймақтардың аумақтарында жобаларды іске асыру үшін дайын өндірістік үй-жайларды ұсыну мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», - деді Бейбіт Атамқұлов.