Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы Армения Республикасына мұнай өнімдерін беру саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес, ЕАЭО-ның мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру туралы халықаралық шарт қабылданғанға дейін, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жекелеген екіжақты келісімдермен реттеледі. 2020 жылғы 16 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында Армения Республикасына мұнай өнімдерін беру саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Тараптар мемлекеттерінің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің уәкілетті ұйымдарды тарта отырып, Қазақстан аумағынан Арменияға жеткізілімдерді жүзеге асыруы үшін Тараптар қажетті жағдайлар жасайды. Өздеріңізге белгілі, Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы сауда экспорттық кедендік баж салығын төлемей, кедендік бақылаусыз жүзеге асырылады», - деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.
Оның айтуынша, осы келісімде мұнай өнімдері саудасының іс жүзіндегі ерекше режимі белгіленген және Қазақстаннан Арменияға мұнай өнімдерін әкету кезіндегі бақылау тетіктері қамтылған. Осындай тетіктер артық мұнай өнімдерін Арменияның неғұрлым артықшылықты нарығында өткізуге мүмкіндік береді, бұл мұнай өнімдерінің ішкі теңгеріміне оң әсер етеді және Қазақстанның шаруашылық жүргізуші субъектілерінің түсімін арттырады.
«Сондай-ақ Қазақстан Республикасынан мұнай өнімдерін әкетуді ретке келтіреді және ішкі нарықты Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне мұнай өнімдерінің бақылаусыз ағынынан қорғайды. Бұл ретте, қажет болған жағдайда, Келісімде Қазақстан ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ішкі нарықты қорғау мақсатында индикативтік теңгерімдермен бекітілген көлемдер асып кеткен жағдайда, форс-мажор жағдайларында, сондай-ақ Армения өз аумағынан қазақстандық мұнай өнімдерін үшінші елдерге және ЕАЭО елдеріне әкету тыйымы бойынша міндеттемелерін бұзған кезде, Қазақстан біржақты тәртіппен Арменияға мұнай өнімдерін бажсыз жеткізуді тоқтата алады немесе шектей алатыны көзделген. Сондықтан біздің ішкі нарығымыз үшін тәуекелдер жоқ», - деді министр.
Атап айтқанда, құжат аясында Қазақстанның ішкі нарығын мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету басты басымдық болып саналатынын атап өткен жөн.
«Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы» Заңға сәйкес, министрлік ай сайын ішкі нарыққа қайта өңдеу үшін мұнай жеткізу жоспарын бекітеді және артық мұнай өнімдері болған жағдайда, Арменияға осындай жеткізілімдер жүзеге асырылатын болады», - деді Болат Ақшолақов.