Армения премьер-министрі Никол Пашинян және Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Таулы Қарабақ мәселесін келесі айда Брюсселльде талқыламақ. Бұл жөнінде Еуроодақтың 19 қараша күнгі хабарламасында айтылған, деп хабарлайды Азаттық.
"Екі ел басшысы Оңтүстік Кавказда тұрақтылық пен игілікке кедергі келтіретін жәйттарды жеңу жолдарын Брюссельде кездесіп, талқылауға келісті" делінген мәлімдемеде.
Жиын 15 желтоқсанда Еуропаның шығыс аймақтағы әріптестігіне арналған саммит аясында өтеді. Бұған дейін Еуропа кеңесінің жетекшісі Шарль Мишель Ильхам Әлиев және Никол Пашинянмен телефонмен сөйлескен.
"Телефон арқылы әңгіме барысында армян және әзербайжан басшылары қорғаныс министрліктері деңгейінде тікелей байланыс орнатып, алдын алу тетіктерін іске қосуға келісті" делінген ЕО мәлімдемесінде.
Былтыр қарашада Армения мен Әзербайжан Мәскеудің араласуымен 44 күнге созылған, 6 мыңнан астам адамның өмірін қиған Таулы Қарабақта соғысты тоқтату жөнінде ортақ мәлімдемеге қол қойған. Бірақ содан бері тараптар арасында жағдай ауық-ауық ушығып келеді.
Бір жылдан астам уақыт ішінде екі ел басшысы бетпе-бет екі рет кездескен. Соңғы рет Мәскеуде кездесіп, оған Ресей президенті Владимир Путин қатысқан.
Әзербайжан мен Армения шекарасы арасында жағдай осы апта басында тағы бір өршіген. Сарапшылар оны былтырдан бергі қақтығыстардың "ең ірісі" деп атайды.