15 там, 2019 сағат 13:44

Архимед Мұхамбетов Үкімет басшысына «КамАЗ» компаниясының жобаларын таныстырды

Үкімет басшысына «КамАЗ» компаниясының Қостанайдағы инвестициялық жобалары таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы өндірістік кооперацияны дамыту аясында «КамАЗ» көлігі бөлшектерін шығару бойынша бірқатар жобалар іске қосылды. Қазақстан тарапынан серіктес болып «АгромашХолдинг KZ» АҚ таңдалды. Компанияға Қостанайдағы Индустриалды аймақ аумағынан 31 га жер көлемі бөлінген.

«Аймаққа «КамАЗ» арнайы техникасы редукторларын шығаратын екі нысан орналасатын болады. Ал «АгромашХолдинг KZ» АҚ зауытында қосымша қондырғылар, ұсақ бөлшектер өндірісі ашылады. Сонымен қатар, бұл жобаларды білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін ғылыми орталық ашамыз. Жалпы барлық жобаны жүзеге асыруға шамамен 400 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салу жоспарлануда», - деді Архимед Мұхамбетов Қостанайдағы автокөлік зауытында өткен мәжілісте.

Осы жұмыстардың нәтижесінде облыста 4 мың тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Жылына мұндай 5 000 автобөлшек шығарылады деп күтілуде. Автобөлшектердің (тежегіш қалыптар, орындықтар, электр сұйылтқыш, резеңке және пластикалық бұйымдар) дені қостанайлық зауытқа тиесілі.

«Индустриялық аймақта жылына 86 мың көлік редукторы пайдалануға беріледі. Оның көлемі алдағы жылдарда 180 мыңға дейін жетеді. Өнімнің 95%-ы экспортқа жөнелтілетін болады» , - деді облыс басшысы.

Еске салсақ, бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қостанай облысына жұмыс сапарымен келді.