Сәуір айынан кейін Қостанай облысынла атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны 5 есеге өскен. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген отырыста Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнәр Әбенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қостанай облысында жыл басында атаулы әлеуметтік көмек 8 мыңдай адамға берілсе, қазір олардың саны 40 мыңға жуықтап отыр. Осылайша, өңірде 8 289 отбасына 1711,4 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек берілген. Гүлнәр Әбенованың айтуынша, атаулы әлеуметтік алатындардың 2148-і – көп балалы отбасылар. Ал 2 жарым мыңға жуық адам еңбекке қабілетті жаста.
«Бүгінде «Еңбек» бағдарламасы бойынша көп балалы және тұрмысы төмен азаматтарды, жастарды жұмыспен қамту үшін қосымша қаржы бөлінген. Бұл қаржы «Бастау бизнес» кәсіпкерлік жобасы аясында жұмыссыздарға шағын несиелер бөліп, олардың кәсіпкерлікпен айналысуына ықпал етеді. Біз бұл жұмыстарды әлі де жүйелей түсетін боламыз. Әсіресе, жас мамандарға көп көңіл бөлінеді», - деді басқарма басшысы.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов барлық аудандар мен қалаларда атаулы әлеуметтік көмек алушыларды анықтау барысында мұқият болуды тапсырды.
«Кейбір азаматтар атаулы әлеуметтік көмек алу үшін өтірік ажырасу, жұмыстан шығу, өз мүлкін басқаға жазу арқылы табысын азайтып көрсету, қолындағы малын сойып тастау сияқты алаяқтыққа барады. Бұған жол бермеу керек. Сондықтан барлық аудандар мен қалаларда атаулы көмек бөлуді қатаң бақылауға алып, кез келген алаяқтық пен жемқорлықты қатаң жазалау керек. Көмек атаулы түрде көрсетілуі тиіс. Бұл – Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық өңірлерге берген тікелей тапсырмасы. Әлеуметтік бағдарлама аз қамтылған отбасылардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Сондықтан атаулы әлеуметтік көмек халықты масылдыққа емес, еңбекке ынталандыруы тиіс», - деді облыс басшысы.
А.Мұхамбетов аудан және қала әкімдіктеріне мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, еңбекке қабілетті атаулы әлеуметтік көмек алушыларды тұрақты жұмыспен қамту, олардың тұрмысын жақсарту бағытындағы шараларды жалғастыруды тапсырды.