21 мау, 2023 сағат 14:04

Арқалық ЖЭО тек қағаз жүзінде пайдалануға берілген – Годунова

Көрнекі фото: ru.wikipedia.org

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова мемлекеттік аудит кезінде жылумен жабдықтау саласында анықталған жүйелі проблемаларға тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Соның бірі - Арқалықтағы Жылу электр орталығының қағаз жүзінде ғана пайдалануға берілуі.

"Қостанай облысының Арқалық қаласында тапсырыс беруші – Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі – толық дайын болмаса да, жалпы сомасы 7,4 млрд теңге болатын екі жобаны – "Арқалық қаласын 2030 жылға дейін жылумен жабдықтау жүйесін реконструкциялау" және "Қуаты 2,5 МВт 2 станцияның турбоагрегатын ауыстыру бөлігінде Арқалық ЖЭО-ны реконструкциялау" қабылдаған. Салдарынан Арқалық ЖЭО тек қағаз жүзінде пайдалануға берілді", - дейді Годунова Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, жылумен жабдықтау саласындағы барлық жүйелі проблема бойынша үкіметке ұсынымдар әзірленді. Заңбұзушылықтарды жою мақсатында аудит объектілеріне нұсқама берілді.

22 материал құқық қорғау органдарына тапсырылуға тиіс, бүгінгі таңда 16-сы берілген, ал 361 материал әкімшілік шаралар қабылдау үшін жолданды.