23 қаз, 2017 сағат 10:35

"Әріп пен таңба үшін тілді бұзуға болмайды"

ҚР Ұлттық музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлы дала болашағына қадам – латын әліпбиі» атты тақырыпта Жазба ескерткіштерді зерттеу бөлімінің ұйымдастыруымен Қазақ тілі жаңа латын әліпбиіне көшуіне орай дөңгелек үстел отырысы өтті. Шараға ғалымдар, тіл мамандары, ұстаздар мен мектеп оқушылары қатысты.

Қазақ тілінің тарихында VI-VII ғасырларда Еуразия құрлығында ғылымға «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы пайда болып, қол­данылды. Тарихи деректерден Алтын Орданың бүкіл ресми құ­жат­тары мен халықаралық хат-хабарлары негізінен ортағасырлық түркі тілінде жазылып келгені белгілі. Ал Ислам діні тарағаннан кейін руни­калық жазулар біртіндеп ысырылып, Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д. Рахымжан Тұрысбек: «1926 жылы түркі тілдес халықтардың оқымыстылары бас қосқан. Әрбір қаріп жайлы талас болып, таңдау жасалған. Әріп таңдауды өмір сүрудің формасы, халық пен ұлт болып қалудың жағдайы, шын мәнінде тарихта қалудың жолы деп қарап, жан беріп, жан алысатындай жағдайда күрескен. А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, С. Сәдуақасов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, барлығы, әріп үшін, әріптің артындағы ұлт үшін, ұлттың жаны үшін деп әрбір әріпке жұмыс жасады. «Бір әріп – бір дыбыс» деген ұстаныммен зиялы қауым ұлтқа, азаттыққа, тәуелсіздікке жұмыс жасаған. Сол тәуелсіздіктің, еркіндіктің басым бағыты әріпке келіп тіреледі. Әріп дегеніміз – тіл, тіл дегеніміз –  ұлттың жаны. Сондықтан ұлт болашағы үшін маңызды шешім қабылданатынын естен шығармауымыз керек»,  - деп өз пікірін білдірді.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында латын әліпбиіне көшудің кезеңдерін атап көрсеткен болатын. Мақалада 2017 жылдың аяғына дейін нақты бір әліпби нұсқасы бекітіліп, 2018 жылы қабылданған әліпби негізінде арнайы мамандар дайындалып, оқулықтар латын графикасына аударылып, 2025 жылға дейін мемлекеттік іс-қағаздар, мерзімді баспасөздер тұтастай латын графикасына көшірілу керектігі айтылған. 11 қыркүйекте ҚР Парламент мәжілісінде таныстырлған латын әліпбиінің алғашқы нұсқасында 25 әріп, 8 диграф берілген. Қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан латын әліпбиінің екінші нұсқасында 32 әріп бар.

 Астана медицина университеті Мемлекеттік тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мухамбедия Ахметов:  «Мен тіл маманы емеспін. Дәрігермін. Мен әріп ұсынбаймын, мен тұтынушымын. «Қ», «ң» әріптеріне тілім келеді, сол үшін талап етемін. Диграфтан қашып едік, балақтағы битті басқа шығарды. Аяққа қоятын үтірді шошаңдатып басқа шығарып қойды. Үтір ол үтір, оның өз қызметі бар. Грузиндердің, қытайлардың өзіне ғана тән клавиатурасы бар. Ал мен неге бір әріп жазу үшін клавиатураны үш рет шұқуым керек?! Диграф болсын, апостраф болсын, олар әріпке байланып тұруы керек. Қазіргі пернетақта бойынша «дефис» пен «сызықшаны» ажырата алмайтындар бар. Онсыз да қазақтың әріптерін қазіргі клавиатурада тыныс белгілердің ішіне тығып қойған. Оған да көніп жүрміз. Неге ағылшын тілінің пернетақтасы Қазақ тіліне үкім жүргізу керек?! Болмайды. Қазақ тілінің өз клавиатурасы болсын», - деді.

Латын әліпбиіне көшу туралы ұсынысты құптап, қолдаған көпшілік түрлі кейіпке енген әріптердің көрінісін қызу талқылады. Дәл қазір қазақтың төл дыбыстарының жазылуы мақұлданса, біраз жылдан соң олардың дыбысталуына қауіп төнетіні анық. Қоғамда «ң» әрпін айта алмайтындар әліпбидің бүгінгі нұсқасы бойынша болашақта ол әріпті мүлде қолданбайды. Әріптердің төбесінде қатар тізілген көп үтір қазақшаға сауатты адамның өзін шатастырады. Ал кейбір «қазақтар үшін» әліпбидің бұл формасы оңтайлы болмақ. Қалай сөйлесе, солай жазып, қазақ әріптерін қажет етпейтін кейбіреулер үтірлерді ұмыт қалдырса, оған да көнуге тура келеді. Нәтижесінде төл дыбыстар тек тарихта қалмасына кім кепіл.

Дөңгелек үстелге қатысушылар өз ойларымен бөлісе келе, А. Байтұрсыновтың «Әріп пен таңба үшін тілді бұзуға болмайды, керісінше тіл үшін әріп пен таңбаны бұзуға болады» деген сөзіне тоқталды. Келешекте қазақ тағдырына түбегейлі өзгеріс енгізіп, қазақ қоғамына тың серпіліс беретін «латын әліпбиінің» ең дұрыс нұсқасы қабылданады деген сеніммен тарқады.

Айша Ноғайбек

ҚР Ұлттық музейі