Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа түрі еліміздің үш өңірінде 21 мың теңгеден артық болады. Себебі ол жерлерде күнкөрістің деңгейі жоғары, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, 1 сәуірден бастап көпбалалы отбасылар үшін тағайындалатын жәрдемақының көлемі әрбір балаға 20 789 мың теңге болады. Аталған көрсеткіш барлығына ортақ. Бірақ үш өңірде есеп-қисап басқаша жүргізіледі.
«Қазір статистиканы ашып қарасаңыз, бізде үш өңірде күнкөріс деңгейі басқаша. Ол - Астана, Алматы мен Маңғыстау облысы. Осы үш өңірде жәрдемақы сәл жоғарылау болады. Қалған облыстарда әрбір балаға 20 789 теңгеден төленеді», - деді С.Жақыпова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Астанадағы атаулы әлеуметтік көмектің көлемін жариялаған болатын.
«Атаулы әлеуметтік көмекке келсек, Мемлекет басшысы нақты тапсырма берді, бұрын жанұяның әрбір мүшесіне табысты есептегенде (күнкөріс минимумның - авт.) 50 пайыздың деңгейінде болса, енді оны 70 пайызға көбейтеді. Егер бұрын 14 849 теңге болса, 1 сәуірден бастап оның көлемі 20 789 теңгеге көтеріледі. Ал енді Астана қаласында басқа өңірлермен салыстырғанда орташа жалақы жоғары, сондықтан 21 698 теңгеге дейін көтеріледі. Біздің болжамымыз бойынша осы шарамен, кем дегенде, 830 мың қазақстандық қамтылады. Ал Астана қаласында, бұл кем дегенде, 6 700-ге жуық», - деді Б.Сапарбаев Астанадағы көпбалалы аналармен болған кездесуде.
Ақпанның соңында Nur Otan партиясының XVIII съезінде ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларда әрбір баланың төлемақысын 21 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды. Осыдан кейін Елбасы аталған шараларды 1 сәуірден бастауды міндеттеді.