Фото: Мәжіліс баспасөз қызметінен
Бүгін сот 24 жылға үкім кескен экс-министр Қуандық Бишімбаевтың апелляциялық соты тікелей эфирде өтіп жатыр. ULT.kz тілшісі Мәжіліс депутаты Абзал Құспаннан апелляциялық сотта Қ. Бишімбаев жазадан құтылып кетуі мүмкін бе екенін сұрады.
"Негізгі қылмыстардың көпшілігі лотентті болады, яғни жасырын. Бірақ кей бір қылмыстар ашық көрініп тұрады. Адам өлімі болып отыр, қалайша ол ақталуы мүмкін? Ал қаншалықты саралануы дұрыс деген басқа мәселе. Бұл істе процесстік-заңнамалық талаптар сақталды ма, жоқ па, сол тұрғыда мәні бойынша қаралады. Бірақ ақталып кетуі мүмкін емес", - деді Абзал Құспан.
Бұған дейін "Қуандық Бишімбаев ақыл-есі дұрыс емес деп танылып, жауапкершіліктен құтылуы мүмкін" деген де пікірлер болған. Депутат бұл туралы не ойлайтынын айтты.
"Оған екі негізде айта аламын. Біріншіден, министр дәрежесінде, Үкімет мүшесінде болған адам барлық тиісті тексерулерден өтеді. Екіншіден, бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылды ғой? Сол кезде барлық тиісті тексерулерден өткізілді. Қажет болатын болса, сараптама жасалады. Ондай уәж келтірілуі үшін сараптама жүргізілуі керек. Күні бүгінге дейін сараптама тағайындалып, ақыл-есінің дұрыстығына күдік-күмән туындап, сараптама жасалғанын естімеппін. Ақыл есіне байланысты жауапкершіліктен құтылады деп ойламаймын", - деді депутат А. Құспан.
Айта кетейік, Қазақстанның бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев азаматтық әйелі Салтанат Нүкенованы асқан қатігездікпен ұрып өлтірді деген күдікке ілініп, 2023 жылы қарашада қамауға алынған. Сот процессі биыл наурыз, сәуір айларында тікелей эфир арқылы өткен. Бұл сот ісі Қазақстан ғана емес, әлемде резонанс тудырып, сот отырыстарын тікелей эфирде миллиондаған адам бақылап отырған болатын. Сот Қуандық Бишімбаевқа 24 жыл, ал оның туысы, осы іске қатысы бар деп танылған Бақытжан Байжановқа 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті.