12 қаз, 2021 сағат 16:47

АӨІСШК Сыртқы істер министрлері Ауғанстанға қатысты мәлімдеме жасады


Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Сыртқы істер министрлері Ауғанстанға қатысты ауқымды мәлімдеме қабылдады.

Бұл туралы аталған кеңес Сыртқы істер министрлерінің 6-кездесуінен кейін АӨІСШК хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сыртқы істер министрлері Ауғанстанға қатысты ауқымды мәлімдеме қабылдады. Ол бірнеше аспектіні қамтиды. Бірінші кезекте мүше мемлекеттер Ауғанстандағы бейбітшілік пен дамуды қалпына келтіру АӨІСШ-нің барлық өңірінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін басты жағдай екендігін білдірді», - деді ол БАҚ өкілдеріне.

Жалпы, АӨІСШК хатшылығының атқарушы директорының атап өтуінше, кездесуге келген делегация басшылары Ауғанстандағы ахуал өздерін қатты алаңдататындығын айтқан. 

«Көшпелі кезең қалай тезірек аяқталса, Ауғанстан соғұрлым жылдам өңіраралық процестерге, өзара байланыс процестеріне қосылады. Сол арқылы елдің өркендеу жолына түскендігін ертерек атап өтуге мүмкіндік туады», - деді Қайрат Сарыбай.