29 қаң, 2021 сағат 09:33

Антикор жұмысының нәтижесі: Экономикалық жиынтық тиімділік - 95,6 млрд теңге

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жұмысының 2020 жылғы экономикалық жиынтық тиімділігі 95,6 млрд теңгені құрады. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қылмыстық істер бойынша өтелген залал сомасы 50,7 млрд теңгені құрады. Бұл 2019 жылдың көрсеткішінен екі есе жоғары. Пара алу және ұрлау фактілері бойынша бірнеше айыппұл көлемі 2,8 млрд теңгені, тыйым салынған мүлік 1,2 млрд теңгені құрады», - деді Алик Шпекбаев агенттіктің алқа отырысында. 

Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алуларды мониторингілеу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау және жобалық қызмет бойынша жүйелі жұмыс бюджет қаражатын тағы 40,9 млрд теңгеге ұтымсыз пайдаланудың алдын алуға мүмкіндік берді. 

«Осылайша, агенттік жұмысының 2020 жылғы экономикалық жиынтық тиімділігі 95,6 млрд теңгені құрады. Біз қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмауымыз керек, біздің әр қызметкер барынша тиімді жұмыс істеуі тиіс», - деді агенттік басшысы.